Астана әлем туристерін таңғалдырды: Lonely Planet тізіміне енді
Астана халықаралық Lonely Planet туристік басылымының Best in Travel 2027 жыл сайынғы топтамасына енді. Бұл туралы Newsroom.kz Lonely Planetке сілтеме жасап хабарлайды.
Lonely Planet келесі жылы саяхаттауға ұсынылған 50 бағыт пен туристік әсерді жариялады. Оның 25-і туристік бағыт болса, қалған 25-і түрлі саяхат тәжірибелеріне арналған. Астана осы тізімге жеке туристік бағыт ретінде кірді.
Қазақстанның елордасы «Best for futuristic skylines» санатында ұсынылған. Басылым Астананың футуристік сәулетіне, ерекше қалалық келбетіне және заманауи архитектуралық нысандарына назар аударған.
Lonely Planet авторлары елорданың көрнекті орындары қатарында «Бәйтерек», «Хан Шатыр», Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» Орталық концерт залын атап өткен. Басылым Астананы Орталық Азиядағы заманауи сәулеттің ерекше үлгісі ретінде сипаттайды.
Айта кетейік, Lonely Planet — әлемдегі танымал туристік басылымдардың бірі. Оның Best in Travel топтамасы жыл сайын саяхатшыларға келесі жылы баруға болатын бағыттарды ұсынады. 2027 жылғы тізімге Астанамен қатар Италияның Венето өңірі, Канаданың Квебек аймағы, Қытайдың Чэнду қаласы және басқа да бағыттар енген.