«Жаңа жолға жыл өтпей жатып, жөндеу керек»: депутат халықтың шағымын жеткізді
Қазақстан жолдарында орнатылған автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің шамамен 70%-ы толыққанды жұмыс істемейді. Бұл туралы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Екатерина Смышляева Көлік министріне жолдаған депутаттық сауалында айтты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Депутаттың мәліметінше, қазір ел жолдарында 83 автоматтандырылған өлшеу жүйесі орнатылған. Оның 42-сі Көлік министрлігінің «Көлік базасы» ақпараттық-талдау жүйесіне мүлдем дерек жібермейді. Бұған жол жамылғысының бұзылуы, байланыстың болмауы, датчиктердің істен шығуы немесе болмауы, техникалық қызмет көрсетудің жеткіліксіздігі және сертификат мерзімінің аяқталуы себеп болған.
Қалған 41 жұмыс істеп тұрған жүйенің тек 28-і Бас прокуратураның Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінің процессингтік орталығына ақпарат береді. Осылайша, толық цифрлық бақылау циклі орнатылған АСИ-дің шамамен үштен бірінде ғана жұмыс істеп тұр.
Смышляеваның айтуынша, мәселе жолдардың сапасына да тікелей әсер етеді. Ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақтан асып жүруі жол жабындысының мерзімінен бұрын бұзылуына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар, 2025 жылы жұмыс істеп тұрған АСИ арқылы 76 мың ықтимал заң бұзушыны анықтау мүмкін болмаған. Бұдан бөлек, үш жүйе өртеу салдарынан істен шыққан. Көлік прокуратурасы жабдықтарға қасақана зиян келтірудің 12 фактісін анықтаған.
Қазір жүйе толық автоматтандырылмаған. Атап айтқанда, шешімдерді аумақтық инспекциялардың қызметкерлері қабылдайды, ал цифрлық жүйедегі ақпаратты қолмен түзетуге болады. Депутат бұл тәртіптің деректердің ашықтығы мен бақылауға қатысты тәуекелдер туғызатынын атап өтті.
Сонымен бірге 2028 жылдың соңына дейін тағы 141 АСИ орнату жоспарланып отыр. Бір кешеннің құны шамамен 200–300 млн теңгені құрайды.
Осыған байланысты Екатерина Смышляева Үкіметке барлық 83 АСИ-ге толық ревизия жүргізуді және қолданыстағы жүйелердің жұмысын қалпына келтіргенге дейін жаңаларын сатып алуға қаражат бөлуді уақытша тоқтатуды ұсынды.
Сондай-ақ депутат бақылау бекеттерін айналып өтуді, мемлекеттік нөмірлерді жасыруды, жабдықтарды бүлдіру мен өртеуді автоматты түрде тіркейтін қосымша құралдар енгізуді, қолданыстағы құрылғыларды қайта тексеріп, сертификаттауды және цифрлық жүйедегі қолмен түзетулерді барынша азайтуды ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі ауыр жүк көліктерінің салмағы мен габаритін бақылау үшін автоматтандырылған өлшеу жүйелерін кеңейтуді жоспарлағанын хабарлаған. 2025 жылғы ресми мәлімет бойынша, ведомство ел бойынша 220 АСИ орнатуды көздеген.