Ауылдарда интернет мәселесі қашан шешілмек?
Қазақстанда 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны жоспарланған мерзімде жоғары жылдамдықты интернетке қосыла алмаған. Бұл туралы «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Владимир Киян депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2 955 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне (ВОЛС) қосу жоспарланған. Бұл елді мекендерде жалпы 1,15 млн-нан астам адам тұрады.
Алайда қазіргі уақытта ВОЛС желісіне 284 225 адам тұратын 306 ауыл ғана қосылған. Ал 2024–2025 жылдарға жоспарланған жұмыстар бойынша 1 502 ауылдық елді мекенді белгіленген мерзімде қосу мүмкін болмаған. Бұл елді мекендерде 692 867 адам тұрады.
Депутаттың айтуынша, ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту көрсеткішінің шамамен 97%-ға жетуі жоғары жылдамдықты интернеттің нақты қолжетімділігін толық көрсетпейді. Себебі бұл көрсеткішке 2G, 3G, ADSL және спутниктік байланыс сияқты түрлі технологиялар да кіреді.
Жоғары аудиторлық палатаның материалдарында да жобаның іске асуындағы артта қалу мәселесі көрсетілген. Депутат бұл жағдайдың себептері ретінде жобалық құжаттаманың дайын болмауы, қажетті рәсімдердің уақытылы жүргізілмеуі және қаржыландыру мәселелерін атады.
«Ауыл» фракциясы Үкіметтен 1 502 елді мекенді қосу жұмыстарының нақты жағдайы мен аяқталу мерзімдері туралы ақпарат беруді сұрады.
Сонымен қатар депутаттар ұлттық жобаны белгіленген мерзімде аяқтауға арналған нақты жоспар әзірлеуді, қаржыландыру көздері мен жауапты тұлғаларды көрсетуді ұсынды.
Бұдан бөлек, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмаған ауылдарға спутниктік технологияларды жедел шешім ретінде пайдалану және жаңа нысандарды жобалау кезеңінен бастап интернет инфрақұрылымымен қамтамасыз ету ұсынылды.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының ресми құжатында ауылдық елді мекендерді ВОЛС арқылы кеңжолақты интернетке қосу бойынша мыңдаған елді мекен қамтылған жоспар бекітілген.