auto.room

«Шу өлшейтін камералар» орнату ұсынылды: депутат түнгі тәртіп мәселесін көтерді

Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының фракциясы түнгі уақытта мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің қатты шу шығаруына және заңсыз жарыстар ұйымдастыруына байланысты мәселе көтерді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Депутаттардың айтуынша, қалалардың орталық көшелерінде кей жүргізушілер жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер маңында әдейі қатты шу шығарады. Мұндай әрекеттер жол қозғалысы ережесін бұзумен қатар, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығына әсер етеді.

Депутаттық сауалда мұндай құқық бұзушылықтардың көп жағдайда азаматтардың шағымынан кейін ғана тіркелетіні айтылған. Осыған байланысты мәселені цифрлық технологиялар арқылы шешу ұсынылды.

Атап айтқанда, рұқсат етілген шу деңгейінен асуды автоматты түрде анықтайтын акустикалық құрылғыларды фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу ұсынылды.

Сонымен қатар түнгі заңсыз жарыстардың жолын кесу және көліктерге заңсыз техникалық өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру ұсынылды.

Депутаттар көліктің техникалық өзгерістері заң талаптарына сәйкес келтірілгенге дейін оны арнайы тұраққа қою мүмкіндігін де қарастыруды ұсынды.

Бұдан бөлек, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаны қайта қарау мәселесі көтерілді. Қазір мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Депутаттық сауалда АҚШ, Германия және Францияда шу деңгейін бақылау мен түнгі тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қолданылатын тәсілдерге де мысал келтірілген.

Құрылтай депутаттары аталған ұсыныстарға қатысты уәкілетті министрліктің ұстанымын білдіруді сұрады.