Жаңалықтар

⁠«Жағдайды түзетіңіз»: Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына ескерту жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевке жолдардың сапасына қатысты мәселелерді шешуді тапсырды. Үкімет басшысы компания басшысының баяндамасында шешімін таппаған бірқатар проблеманың айтылмағанын атап өтті, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Дархан Иманашев Үкімет отырысында республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы сегіз айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 10%-ға азайған. Қайтыс болғандар саны 14%-ға, ал жарақат алғандар саны 11%-ға төмендеген. Бұл кезеңде республикалық жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы орта есеппен 30%-ға артқан.

Алайда Премьер-министр баяндамада шешілмей жатқан мәселелердің қамтылмағанын айтты. Ол Президент бұған дейін көтерген жол сапасына қатысты кемшіліктердің «ҚазАвтоЖол» жұмысына да тікелей қатысты екенін атап өтті.

«Сондықтан жолдардың сапасына қатысты жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады», — деді Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, Үкімет отырысының күн тәртібінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Бұған дейінгі мәлімет бойынша, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы талаптарға сәйкес келеді. Ал елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» басшысы республикалық жолдарда жүк көліктерінің артық салмағына қатысты мәселе бар екенін айтып, салмақ-габариттік бақылаудан әдейі жалтарғандарға жауапкершілік енгізуді ұсынды.