Маңғыстауда қылмыс азайғанымен, жасөспірімдер қылмысы өскен
Маңғыстау облысында биыл қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 5,9%-ға төмендеген. Алайда өңірдегі криминогендік ахуалға жүргізілген талдау кей бағыттарда өсім сақталғанын көрсетті. Атап айтқанда, жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны 22,7%-ға артқан. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің 2026 жылдың сегіз айындағы жедел-қызмет жұмыстарының қорытындысы бойынша анықтамасында өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты деп көрсетілген.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында облыста 1788 қылмыс тіркелсе, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1683-ке дейін төмендеген. Яғни бір жыл ішінде 105 қылмысқа азайып, 5,9%-дық төмендеу тіркелген.
Бірақ барлық бағытта төмендеу байқалмаған.
Жасөспірімдер жасаған қылмыстар 22,7%-ға өскен. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында мұндай 22 қылмыс тіркелсе, биыл осы кезеңде олардың саны 27-ге жеткен. Осылайша, бір жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс бес фактіге артқан.
Бұл – полиция келтірген статистикадағы негізгі өсімдердің бірі.
Сонымен қатар аса ауыр қылмыстар саны 10-нан 9-ға, яғни 10%-ға төмендеген. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар да азайған: былтыр алғашқы сегіз айда 379 факт тіркелсе, биыл 306 факт болған. Төмендеу – 19,3%.
Көшеде жасалған қылмыстар саны да 190-нан 161-ге дейін азайып, 15,3%-дық төмендеу көрсеткен.
Алаяқтық қылмыстар бойынша да оң динамика тіркелген. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 517 алаяқтық фактісі тіркелсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 441-ге түскен. Яғни алаяқтық қылмыстар 14,7%-ға азайған.
«Заң мен тәртіп» аясында қандай жұмыстар жүргізілді?
Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстың алдын алу мақсатында жыл басынан бері бірқатар жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген. Олардың қатарында «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Қауіпсіз аула», «Алкогольсіз аула», «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Қауіпсіз жол» және басқа да акциялар бар.
Өңірде мәдени және спорттық іс-шаралардың көбеюі, сондай-ақ жаз мезгілінде туристер санының артуына байланысты полицияның қосымша күштері жұмылдырылған.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде соңғы төрт айда облыста алты ауыл алкогольден бас тартқан. Осылайша алкоголь сатудан бас тартқан елді мекендердің жалпы саны 12-ге жеткен.
Полиция мәліметінше, 51 адам мәжбүрлеп емдеуге орналастырылып, алкогольге тәуелді тұлға ретінде есепке алынған.
Сонымен қатар құқық бұзушылыққа бейім 607 адамға ресми ескерту берілген. Ескертуді бұзған 16 адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылған.
Профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға қылмыс жасатпау мақсатында электронды бақылау да күшейтілген. Полицияның мәліметінше, бұған дейін тағылған 167 электронды бақылау құралына тамыз айында тағы 75 құрылғы алынған. Департамент профилактикалық есептегі тұлғалардың қатысуымен қылмыс жасалмағанын хабарлады.
«Таза Қазақстан»: 8,6 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған
Қылмыстың алдын алумен қатар қоғамдық тәртіп пен абаттандыру мәселесіне де назар аударылған.
Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 1128 рейдтік іс-шара өткізілген. Оларға полиция департаментінің 235 қызметкері жұмылдырылған.
Нәтижесінде сегіз айда 8647 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Оның ішінде:
• ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша – 8477 құқық бұзушылық;
• ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты 434-2-бап бойынша – 170 құқық бұзушылық.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жалпы 8 млн 237 мың 389 теңге айыппұл салынған. Оның 7 млн 961 мың 863 теңгесі өндірілген.
Полиция департаменті жүргізілген жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде де ақпарат таратып отырған. Жыл басынан бері Facebook және Instagram платформаларында өткізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша 292 жарияланым орналастырылған.
Жалпы статистика қылмыстық құқық бұзушылықтардың азайғанын көрсеткенімен, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 22,7%-ға өсуі өңірдегі негізгі алаңдататын көрсеткіштердің бірі болып отыр. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы профилактикалық жұмыстың нәтижесін бағалауда қылмыстың жалпы динамиғасымен қатар, осындай жекелеген бағыттардағы өсім де ескерілмек.