Кадрлар

Президент Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысын тағайындады

Қазақстан Президентінің өкімімен Қуанышбек Үштаев Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Қуанышбек Үштаев 1976 жылғы 5 қазанда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Алексеевка ауылында дүниеге келген. Ол 1997 жылы Алматы жоғары әскери училищесін, 2009 жылы Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетін, 2018 жылы Ресей Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдаған. 

Әскери қызметін 1997 жылы бастап, әр жылдары мотострелкалық және десанттық-шабуылдау батальондарының командирі, әскери бөлім командирі, штаб бастығы әрі командирдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 

2022–2023 жылдары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, ал 2023–2024 жылдары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болды. 2024 жылдан бастап Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 

Үштаевқа генерал-майор әскери атағы 2021 жылғы 6 мамырда берілген. Сондай-ақ ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 

Қуанышбек Үштаев бұған дейін Қазақстан Қарулы күштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарған.

Мемлекет басшысының өкімімен осыған дейін аталған қызметті атқарған Мереке Кучекбаев лауазымынан босатылды.