Қылмыс

Қонаевта 6 жасар баланы көлік қағып, мерт болды

Қонаевта көлік қағып кеткен кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Жантүршігерлік жол апаты 20 қыркүйек күні сағат 18:40 шамасында Конаев қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 22 жастағы Hyundai жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде болған баланы қағып кеткен. Бала алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды.

Алматы облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу департамент басшылығының бақылауында.

Бұған дейін әлеуметтік желіде оқиға Конаевтың №10 шағын ауданында болғаны туралы ақпарат тараған. Кейбір жергілікті тұрғындар бұл аумақта жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жоқ екенін айтқан. Алайда бұл ақпарат полицияның ресми хабарламасында нақтыланбаған.

Айта кетейік, 20 қыркүйекте Екібастұзда да бала өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ол жерде алты жастағы бала тұрғын үй ауласында көлік астына түсіп, қаза тапқан. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.