Медицина

Ысталған балықтан төрт адам ауыр халде ауруханаға түсті

Маңғыстау облысында үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балықты жеген үш ересек адам мен 9 жастағы бала ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Науқастардан ботулизм белгілері байқалып, барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, үш ересек адам Мұнайлы ауданынан облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Ал 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылған.

Алдын ала болжам бойынша, улануға үй жағдайында дайындалған және тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін. Зардап шеккендер балықты 17 қыркүйекте сағат 20:00–21:00 аралығында отбасылық басқосу кезінде тұтынған.

Аурудың алғашқы белгілері келесі күні, 18 қыркүйек кешке байқалған. Науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте жүгінген.

«Үй жағдайында науқастардың бірнеше рет жүрегі айнып, құсқаны байқалған. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Негізгі белгілерінің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің бұзылуы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы және қосарланып көруі, сондай-ақ сананың бұзылуы бар», – деді Марал Қадыр.

Қазір төрт науқастың да жағдайы ауыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оларға дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген. (Казинформ⁠)

Мамандардың айтуынша, ботулизм көбіне үй жағдайында дұрыс дайындалмаған немесе сақталмаған өнімдерді тұтынудан туындауы мүмкін. Аурудың қоздырғышы оттегі аз ортада токсин бөледі. Ысталған және тұздалған балық та ботулизм қаупі бар өнімдердің қатарына жатады.