Әлем

Мәскеу тарихындағы ең ірі дрон шабуылдарының бірі болды

Украина күштері 20 қыркүйекке қараған түні Мәскеу мен Мәскеу облысына жаппай дрон шабуылын жасады. Ресей билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан үш адам қаза тауып, кемінде 20 тұрғын жараланған, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Шабуыл кезінде Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауыты зақымданған. Бұл нысан бұған дейін де шабуылға ұшыраған. Кәсіпорын 2024 жылы 11,6 миллион тонна мұнай өңдеген.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин қаланың дрондармен жасалған ең ірі шабуылдарының бірі болғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Мәскеу облысында тұрғын үй ғимараты да зақымданғаны хабарланды. Раменское ауданында зақым келген нысандардан шамамен 400 адам эвакуацияланған.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ел аумағы мен Ресей бақылауындағы аумақтарда 1,6 мыңнан астам ұшқышсыз ұшу аппараты жойылған немесе ұсталған. Оның шамамен 450-і Мәскеуге бағытталған.

Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл барысында украиналық өндірістегі бірнеше ұзақ қашықтықтағы қару қолданылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың қатарында Pelican, Flamingo және Palianytsia жүйелері болған. Украиналық тарап Мәскеу облысындағы мұнай өнеркәсібінің маңызды кәсіпорны мен логистикалық нысанға соққы жасалғанын хабарлады.

Шабуыл Мәскеу мен облыста әуе қатынасына да әсер етті. Жергілікті әуежайларда жүздеген рейс кешіктіріліп, бірқатар рейс тоқтатылған. 

Ресей мен Украина соғыс барысында азаматтық нысандарға әдейі соққы беруді жоққа шығарып келеді. Мәскеудегі соңғы шабуылдың нақты барлық салдары мен келтірілген залал көлемі әзірге нақтыланып жатыр.