Жаңалықтар

Президент қазақстандықтарды елге жауапкершілікпен қарауға үндеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, елдің дамуына үлес қосудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды жауапкершілікке, адалдыққа және бірлікке шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, елдің берекесі мен дамуы үшін әр азамат жауапкершілік танытуы қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы Астанада өткен «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі.

«Әділетті, Қауіпсіз, Озат және Таза Қазақстанды құру — бәріміздің қасиетті борышымыз. Осы бағытта бәріміз де тынымсыз еңбек етуге тиіспіз. Қасиетті Отанымыздың өркендеуіне апарар өзге жол жоқ», — деді Президент.

Оның айтуынша, елдегі тұрақтылық тікелей азаматтардың әл-ауқатына байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақтылық болса, әр үйде де, әр отбасында да береке мен молшылық орнайтынын атап өтті.

«Бір сәтте ойланбай айтылған сөз белгілі бір әрекеттен де көп зиян келтіруі мүмкін. Мұны ешқашан ұмытпау керек. Еліміздің мүддесін ұмытпай, Қазақстанның игілігін ойлау қажет. Бізде басқа Отан жоқ»

Мемлекет басшысы еріктілікпен айналысып жүрген жастарға да арнайы тоқталды. Ол 2020 жылы Еріктілер жылын өткізгенін, ал БҰҰ мінберінде Халықаралық еріктілер жылын жариялау бастамасын ұсынғанын еске салды.

Президент сондай-ақ Жер шарын көгалдандырудың халықаралық күнін белгілеу жөніндегі бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мүшелерінің басым көпшілігі тарапынан қолдау тапқанын айтты. Сөзін қорытындылай келе, ол ел болашағы білімді, белсенді, жаңашыл және мақсатшыл жастардың қолында екенін жеткізді.