Алматыда LRT желісіне алғашқы рельстер төселді
Алматыда болашақ LRT желісінің бір учаскесінде алғашқы рельстерді төсеу басталды. Қала әкімдігі жобаның бірнеше бөлігінде құрылыс және инженерлік жұмыстар қатар жүріп жатқанын хабарлады.
Алматыда болашақ LRT желісінің бір бөлігінде алғашқы рельстер төселді. Құрылыс алаңынан түсірілген бейнежазбаны Integra Construction KZ мердігер ұйымы жариялады.
Рельстер Момышұлы көшесінің бойында, Монке би көшесінен оңтүстікке қарай орналасқан учаскеде төселіп жатыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жұмыс трассаның алдын ала дайындалған бөлігінде жер қазу және инженерлік желілерді қайта көшіру аяқталған сайын кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бауыржан Момышұлы көшесіндегі учаскенің ұзындығы 4,4 км. Екі жолақты желіні салу үшін 14 784 темірбетон шпал мен 1 408 рельс жібін төсеу көзделген.
Сонымен бірге бірінші кезектегі жобаның өзге бөліктерінде де жұмыс жалғасып жатыр, соның ішінде Төле би көшесіндегі учаскеде де құрылыс жүріп жатыр. Трасса өтетін аймақтағы инженерлік желілер технологиялық тәртіпке сай кезең-кезеңімен қайта орналастырылуда.
LRT құрылысының негізгі кезеңдері 2027 жылдың сәуірінен 2029 жылдың сәуіріне дейін жоспарланған. Желі Алатау ауданының индустриялық аймағында салынатын деподан басталып, Абылай хан даңғылы, Төле би көшесі арқылы өтіп, Алматы-2 теміржол вокзалына дейін барады. Соңғы аялдама «Райымбек батыр» көлік-ауысым торабы аумағында қарастырылған.
Алдын ала жобалық шешімдерге сәйкес, билік 25 құрам сатып алуды жоспарлаған. Әр құрам бес секциядан тұрады, ал қозғалыстың есептік ең жоғары жылдамдығы 65-70 км/сағ болады. Бірінші желіні 2027 жылдың соңында іске қосу көзделіп отыр.