Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрайымы болып қайта тағайындалды
Мемлекет басшысының жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Әзімова Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының төрайымы болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2023 жылғы 1 қаңтардан бері атқарып келеді.
Эльвира Әбілхасымқызы Әзімова Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының төрайымы болып қайта тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
Эльвира Әзімова 1973 жылғы 15 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Халықаралық заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде бастаған. 1996-1999 жылдары халықаралық құқықтық қамтамасыз ету басқармасында жетекші және бас кеңесші болып жұмыс істеді. 1999-2005 жылдары министрліктің заңнама, халықаралық құқық және хаттама бағыттарындағы түрлі басшылық қызметтерін атқарды.
2005-2010 жылдары Әділет министрлігінің заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, шарттар мен талап-арыз жұмысы департаментін басқарды. 2010 жылғы 10 қазанға дейін халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры болды.
2013 жылғы 2 қазаннан 2019 жылғы 9 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының әділет министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылғы 2 қыркүйектен 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 18 қыркүйектен бастап Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, 2022 жылғы 17 мамырдан бастап Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болды. Эльвира Әзімова 2023 жылғы 1 қаңтардан бері Конституциялық сот төрайымы қызметін атқарып келеді.
Ол «Құрмет» орденімен, «Достық» II дәрежелі орденімен, «Барыс» III және I дәрежелі ордендерімен, сондай-ақ бірқатар медальдармен және халықаралық наградалармен марапатталған.