Балабақша меңгерушісі заңбұзушылық үшін қызметінен босатылды
Астанадағы мемлекеттік балабақшалардың бірінің меңгерушісі педагогтерді негізгі еңбек функциясына қатысы жоқ жұмыстарға тартқаны үшін қызметінен босатылды. Бұл туралы тиісті тексеру қорытындысы бойынша мәлім болды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Тексеру барысында балабақша басшысы педагогтерді олардың лауазымдық міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартқаны анықталған. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымның терроризмге қарсы қорғалу талаптарының бұзылғаны белгілі болған.
Атап айтқанда, бөгде адамның тиісті рұқсатсыз және бақылаусыз балабақша аумағына кіруіне жол берілген. Тексеру кезінде оның балабақша меңгерушісімен бұрын заңды некеде болған жұбайы екені анықталды.
Сонымен қатар аталған адамның балабақша қызметкерлерінің дербес деректеріне рұқсатсыз қол жеткізгені белгілі болған. Оның ұйым қызметіне қатысуына құқықтық негіз беретін еңбек шарты немесе басқа да тиісті келісімі болмаған.
Тексеру материалдарына сәйкес, балабақша меңгерушісі қызметкерлердің дербес деректерін бөгде тұлғаға рұқсатсыз ұсынуға, таратуға және оларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге жол берген.
Аталған фактілер балабақша әдіскерінің және күндізгі күзет қызметкерінің түсініктемелерімен, сондай-ақ бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде расталған.
Осы бұзушылықтарды ескере отырып, балабақша меңгерушісімен еңбек шарты бұзылып, ол атқаратын қызметінен босатылды.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес педагогтерді олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға негізсіз тартуға жол берілмейді. Ал дербес деректерге қол жеткізу және оларды өңдеу заңда белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.