Аралдағы «Арал теңізі» теміржол вокзалы жаңғыртылып, пайдалануға берілді
Қызылорда облысының Арал қаласында қайта жаңғыртылған «Арал теңізі» теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанаты облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың жұмыс сапары барысында өтті, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Іс-шараға Құрылтай депутаттары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
«Арал теңізі» вокзалы Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында қайта жаңартылды. Жалпы еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қызылорда облысындағы вокзалдар мен жолаушылар инфрақұрылымының бірқатар нысаны бар.
Аймақ басшысы жаңғыртылған вокзалдарда жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдары жаңартылып жатыр. Қызылорда облысында да бірқатар вокзалда жөндеу жұмыстары аяқталып, жолаушыларға қызмет көрсетілуде. Биыл өңірдегі 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өтуде», – деді Мұрат Ергешбаев.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі вокзалдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Арал теңізі» теміржол вокзалының тарихы да терең. Нысан 1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде бой көтерген. Бір ғасырдан астам уақыттан кейін ғимарат қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға бейімделді. (Halyq Line)
Жаңғырту жұмыстарына 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Вокзал тәулігіне 600 жолаушыға, ал бір мезетте 224 адамға қызмет көрсете алады.
Жаңа ғимаратта ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау орны, күту залы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт қарастырылған. Сонымен қатар шағын асхана, кафетерий және санитарлық-тұрмыстық орындар бар.
Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» компаниясы жүргізген. Компания нысандағы жұмысты 2025 жылдың қараша айында бастаған.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі вокзал құрылысына 1,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатын. Құрылыс барысында ғимараттың жалпы ауданы 459,47 шаршы метр, биіктігі 4,2 метр болатыны айтылған.
Жаңғыртылған вокзал Арал қаласының көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың біріне айналып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.