Бала туғандарға қанша теңге жәрдемақы беріледі?
Қазақстанда жыл басынан бері бала тууына байланысты 200 мыңнан астам біржолғы төлем рәсімделген. Ата-аналарға бұл жәрдемақыны алу үшін міндетті түрде Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Newsroom.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың телефонына SMS-хабарлама келеді.
Қызметті рәсімдеу үшін ата-ана SMS арқылы жәрдемақы алуға келісімін растап, банктік шотын көрсетуі жеткілікті. Осыдан кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Жәрдемақыны ХҚКО арқылы да рәсімдеуге болады. Ол үшін қажетті құжаттарды баланың туған күнінен бастап 18 ай ішінде тапсыру қажет.
2026 жылы бала тууына байланысты біржолғы төлем мөлшері:
• бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
• төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.
Бұл төлем баланың тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы болып саналады.
Бұдан бөлек, жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер де қарастырылуы мүмкін. Оның мөлшері ата-ананың әлеуметтік аударымдары мен басқа да талаптарға байланысты есептеледі.
Ата-аналар жәрдемақыны рәсімдеу тәртібі туралы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы нақтылай алады.