Әскери институт курсанттары алғашқы рет ұшақ басқарды
Ақтөбедегі Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 4-курс курсанттары L-39 оқу-жаттығу ұшағымен алғашқы ұшу жаттығуларын орындады, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Практикалық сабақтар әскери ұшқыш-нұсқаушылардың жетекшілігімен өтті. Ұшу алдында курсанттар тапсырмаларды зерделеп, нұсқаушылармен бірге алдағы жаттығудың негізгі кезеңдерін талқылады.
Жаттығу кезінде курсанттар әуе кемесін басқару, кеңістікте бағдарлау және штаттық жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын пысықтады.
Ұшу аяқталғаннан кейін мамандар курсанттардың орындаған тапсырмалары мен әрекеттеріне талдау жасады. Бұл олардың дайындық деңгейін бағалап, әрі қарай жетілдіру қажет бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді.
Курсант Әлішер Кеңес үшін бұл алғашқы дербес ұшу болған.
«Бұл менің алғашқы ұшуым. Бүгін ұшақты басқарып, өзім қондым. Мен үшін бұл – үлкен тәжірибе әрі болашақ мамандығымды меңгерудегі маңызды қадам», – деді ол.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, L-39 оқу-жаттығу ұшақтары курсанттарды пилоттау техникасына және әскери ұшудың негізгі элементтеріне үйретуге арналған. Мұндай ұшулар болашақ әскери ұшқыштардың практикалық даярлығының маңызды бөлігі саналады.
Айта кетейік, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты Қазақстан Қарулы күштеріне авиация мамандарын даярлайды. Оқу орнында ұшқыш және инженерлік бағыттар бойынша мамандар оқытылады.