Медицина

11 жастағы ұл балаларға АПВ вакцинасы салынады

2027 жылдан бастап Қазақстанда 11 жастағы ұл балаларға адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцина салу жоспарланып отыр. Жоба алғашқы кезеңде төрт өңірде пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Қазіргі таңда Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация 11 жастағы қыз балаларға жүргізіледі. 2026 жылы вакцинациялау контингенті кеңейтіліп, 14-17 жас аралығындағы қыздарға да қосымша иммундау жүргізу қарастырылған. 

Вице-министрдің айтуынша, келесі жылдан бастап өкпе обырын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг жүйесі де енгізіледі. Ол бастапқы кезеңде төрт өңірде сынақтан өткізілмек.

Сонымен қатар 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында денсаулық сақтау саласына 2,5 триллион теңге қарастырылған.

АПВ-ға қарсы вакцинация Қазақстанның Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне 2024 жылы енгізілген. Вакцинацияның негізгі мақсаты – АПВ инфекциясымен байланысты онкологиялық аурулардың алдын алу.