Семейде маршруттық көлік жол апатына ұшырады
Семей қаласында маршруттық автобус пен JETOUR X70 көлігі соқтығысып, жол-көлік оқиғасы салдарынан бірнеше адам зардап шекті. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 16 қыркүйекте сағат 13:10 шамасында Қаржаубайұлы мен Энергетиктер көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 50 жастағы автобус жүргізушісі солға бұрылу кезінде көлікті басқара алмай, жолда тұрған JETOUR X70 автокөлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер бар. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.