Жаңалықтар

Б. Тілеухан: Парламенттік оппозиция расымен оппозиция бола ала ма ?

Б. Тілеухан: Парламенттік оппозиция расымен оппозиция бола ала ма ?

Алдағы уақытта еліміздің саяси өмірінде де елеулі өзгерістер орын алуы мүмкін. Енді партия құрғысы келетіндер бұрын 40 мың қол жинап қиналса, қазір бұл меже 20 мыңға төмендетілмек. Апта басында президент Саяси партиялар туралы заңға қол қойды. Бұдан бөлек парламенттік оппизия туралы заң жобасы да парламент палаталарының батасын алды. Енді Ақ Орданың есігін ғана қағу қалды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Саяси реформаларға тың серпін беру үшін Парламенттік оппозия болуы шарт деп мемлекет басшысының бастама көтергені кеше ғана. Ол қазір көлемді құжат болып дайын тұр. Әсілінде өркениетті қоғамда оппозициялық күштердің көшеде шерулете бермей, парламент қабырғасында билікке өз баламаларын ұсынуы тиіс. Біздің ел бұған дайын ба? Айбек Қосанды тыңдайық. Саяси реформалар. Президенттің бастамасымен қолға алынып жатқан өзгерістердің бірі «Саяси партиялар туралы» заңға өзгеріс әкеліп,  құқықтық ортаға "оппозиция" ұғымының енгізілуіне ықпал етті. Алайда, оппозициямыз деп айдар таққандар атына заты сай бола ма? Осыған дейін заң жобалары бір ауыздан қолданып кете беретін Парламент қабырғасында анау айтырлық өзгеріс бола ма? Алдағы уақытта көп партиялы парламент осындай болуы мүмкін. Бұл біздің фантазиямызда. + Ал әзірге Парламенттің іші де сырты да тыныш. Қандай да бір заңды талқылау барысында ара тұра қызу дебаттар болмаса, көбіне бір сарынды. Мына қабырғаларда  «парламенттік оппозиция» туралы заң жобалары қабылданды. Бізде оппозиция дегенде бірден не еске түседі? Халық  митингке шығады. Оларды полиция тиеп алып кетеді. Осымен әңгіме бітті. Ал әлемдік тәжірибеге көз тіксек, оппозиция Парламентте отырады. Бізде қалай болар екен? «Өте жалқау оппозиционер. Жарайды, Нұр Отан болса, Нұр Отан!». Қараша халық ел билігін қолына алған партиядан бөлек саяси күштерді  айлап-жылдап бір көреді. Негізінен сайлау науқанында аттарын жаттап қалады. Алдағы уақытта өтетін Парламенттік сайлаудың алдында, заңға бірқатар өзгерістер еніп жатыр. «Саяси партиялар туралы» заңда партияны тіркеудің талаптары жеңілдетілді. Мысалы, енді саяси ұйымды тіркеу үшін жақтастар саны 40 мың емес 20 мың болса жеткілікті. Тағы бір Парламент мақұлдаған заң жобасы «Парламенттік оппозиция туралы». Болашақта заң шығарушы органда партия өкілдерінің саны артпақ. ҚАЗБЕК МАЙГЕЛЬДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ: «Парламенттік оппозиция құрылды делік. Ал осыған саяси партиялар дайын ба? Дайын ба саяси аренада қандай да бір мүдделерді қорғауға? Әрине біз саяси партиялардың күнделікті іс-әрекетінен көріп отырғанымыз олардың дайынсыздығын көріп отырмыз. Біз саяси партияның бағдарламасын неге сайлау алдында ғана көреміз? Саяси партияның бағдарламасы ол күнделікті бағдарлама болуы керек. Партиялардың дені жұртқа танымал болу үшін кедергілер көп дегенді алға тартады. Теледидар, радио мен газетке шығудың амал әрекеті күрделі екен.  Алмас Тоқабаев бүгінгі саяси қозғалыстардың бұлай шағым айтуы тіптен ұят екеніне сенімді. Алдыңғы буын ағалардың да, кейінгі толқын жастардың да істен көрі сөзі көп дейді. АЛМАС ТОҚАБАЕВ, БЛОГЕР: «Әлеуметтік желінің алгоритмін түсінбейді. Ол бұрынғыдай газеттің бетіне үш беттік мақала жазып, суреттерін қойып тағысын тағы. Ескірген механизмдерді пайдаланғысы келеді. Ал жастар жағы іске бармайды. Олар жекелеген адамдарға шабуыл жасау, кемсіту арқылы өздеріне аз уақыттық ұпай жинағысы келеді. Өкінішке орай түптеп келген  екі жақтан да халыққа берер әрекет жоқ. Мен тіпті ойлаймын қандай қозғалыс, партия болсын дәл қазір проблемасы бар халықтың арасына барып түссе, айтарға сөз істерге іс таппай қалады». Кейінгі қабылданған заңдардағы тағы бір елең еткізетін жаңалық - партиялық сайлау тізімінде әйелдер мен жастардың үлес салмағы 30 пайыздан кем болмауы керек делінген. Яғни, саясаткерлер мен саяси партиялардың жаңа буыны көпшілікке танылмақ. «Ақ жолдың» Мәжілістегі өкілі Дания Еспаева қандай да болсын бәсекеге дайын екендерін айтады. ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Бәсекелестік болған өте жақсы. Парламентте бәсекелестік болғанда 3-4 партия бірге қосылып, оппозиция болып өз пікірін білдіріп, келген заң жобасына балама ұсынып жатса ол жақсы болады ғой. Сондықтан мен бәсекелестікті мен қолдаймын ол болу керек». «Қажет бола ма, болмай оны Алла біледі. Солай дейік қазақша». Алланы аузынан тастамайтын коммунист Сыздықовқа ат басын бұрдық. 40 күннен астам үйде отырып  жұмыс істеген Мәжіліс депутатынан "парламенттік оппозиция" туралы заңға қатысты ойын сұрай келе, «алдағы уақытта өзге саяси ұйымдармен бірле отыра жұмыс істеуге дайынсыздар ма?» - деген сауалды да қоюды ұмытпадық. ТҰРҒЫН СЫЗДЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ҚХКП ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ «Заңды өткізген партия оны қарап, мыналардікі жақсы екен. Осы жерін алайықшы біздеп, сол партиямен сөйлесіп давайте мы по этим вопросом деп сөйлесу керек. + Осындай мәдениетіміздіңғ саяс мәдениетіміздің арқасында осыған жетсек, ертең үкіметті де әр партия өкілдерінен құрамыз». Қарт мәжілісмен халық игілігі үшін қай саяси ұйыммен болсын серіктестікке баруға дайынбыз дейді. Онысын көре жатармыз. Кейінге дейін Елбасы айтқан «Алдымен экономика, сосын саясат» ұғымы актуалды болып келді. Енді өзгеріс қажет екенін саясаткерлер айтуда. НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ Осыған дейін әлеуметтік-экономикалық реформалар жасалғаны белгілі. Бірақ, саяси реформаларсыз алға жылжу мүмкін еместігін тағы да уақыт көрсетіп отыр». Партиялардың құрылуына жеңілдіктер жасалып жатыр. Парламенттік сайлаудан кейін, заң шығарушы орган да көп партиялы болмақ деген де үміт бар. Оппозициялық ұйымдардың саны артса олар күшейіп, қарқыны арта ма дегенді билік партиясының өкіліне қойдық. БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Парламенттік оппозиция расымен оппозиция бола ала ма? Саяси күш бола алады ма? Келешекте бола алатын шығар. Қазір білмеймін». Депутат Тілеухан миығынан күлсе де, «Нұр Отанның» ішінде өзгерістер болайын деп тұр. Себебі, аталған ұйым праймериз өткізуді қолға алмақ. Ол дегеніңіз партияішілік сайлау. Яғни, осыған дейін қалыптасқандай, тізім автоматты түрде жасақтала салмайды. Оған ілігу үшін де бәсеке болмақ. Президент партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек деген еді. Жалпы алғанда соның алғашқы белгілерін байқап отырмыз. 2021 жылдың наурызына дейін өтетін Парламенттік сайлау өтеді. Ол өзгеріс алып келе жоқ па? Оны уақыт көрсетеді.