«Ауыл» партиясы сайлау науқанына қанша қаражат жұмсағанын айтты
«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда материал орналастыруға сайлау қоры есебінен 88 млн теңгеден астам қаржы қарастырған.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Партияның мәліметінше, БАҚ-тағы үгіт материалдарын орналастыру құны басылымдар мен телеарналардың сайлауалды үгіт жүргізуге арналған эфир уақыты мен баспа алаңын ұсыну шарттары негізінде анықталған.
«Орналастыру құнын БАҚ өзі анықтады және сайлау науқаны кезеңінде заңнамада белгіленген тәртіп шеңберінде қолданылды»,
– делінген партияның Newsroom.kz редакциясына берген жауабында.
Партия әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмысқа да ерекше назар аударған. Үгіт материалдары партияның ресми парақшаларында, депутаттыққа кандидаттардың жеке аккаунттарында және партия мүшелерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.
Сайлау науқаны барысында республикалық және өңірлік штабтар өңірлерде тікелей үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.
Партия ұсынған мәлімет бойынша, науқан аясында:
• 4 мыңға жуық үгіт-насихат іс-шарасы өткізілген;
• 195 аудан мен 2 160 ауылдық округ қамтылған;
• кездесулер мен өзге де үгіт шараларына шамамен 1,5 млн адам қатысқан;
• 700 мыңнан астам үгіт-баспа материалы таратылған;
• сыртқы үгіт материалдарын орналастыру үшін 400-ден астам билборд пен LED-экран пайдаланылған;
• партияның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында 672 жарияланым орналастырылған.
Партияның мәліметінше, сайлауалды науқан барысында негізгі ақпараттық жұмыс БАҚ-пен қатар әлеуметтік желілерде және өңірлердегі тікелей кездесулер арқылы жүргізілген. Ал жарияланған материалдардың жалпы саны мен сайлаудан кейінгі ақылы жарияланымдар бойынша нақты дерек әзірге ұсынылмады.