Жаңалықтар

Ұлттық банк токенизация және стейблкоиндер бойынша жаңа жобаларды іске қоспақ

Қазақстанда цифрлық активтер саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік пен логистикалық нысандарды токенизациялау, стейблкоиндерді дамыту және трансшекаралық төлемдерді жетілдіру бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, Newsroom.kz хабарлайды.

Жоспарлар 2026 жылғы 7 шілдедегі Президент Жарлығын іске асыру аясында қолға алынбақ. Негізгі міндеттердің бірі – цифрлық активтермен жасалатын операцияларды реттелетін ортаға көшіру, токенизацияны дамыту, жаңа төлем құралдарын енгізу және инвесторларды қорғау тетіктерін күшейту.

Ұлттық банк лицензияланған цифрлық активтер провайдерлерінің мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу, экспорттық-импорттық операциялар және трансшекаралық аударымдар үшін пайдалануға мүмкіндік беру көзделген.

Бұл есеп айырысу үдерісін жеделдетіп, бизнес шығындарын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар цифрлық активтер саласы үшін арнайы салық режимін енгізу жоспарланып отыр.

Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет те құрылады.

2026 жылдың соңына дейін токенизация бойынша екі жобаны іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, Iconic Tower кешенін 50 млн долларға дейін, ал Birlik логистикалық орталығын 10 млн долларға дейін токенизациялау көзделіп отыр.

Жобалар Ұлттық банктің реттеушілік құмсалғышы және Қазақстан қор биржасының (KASE) инфрақұрылымы арқылы жүзеге асырылады.

Осылайша, Қазақстан цифрлық активтердің реттелетін нарығын кеңейтіп, жаңа қаржы және төлем құралдарын дамытуға бағыт алып отыр.