Кадрлар

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасарлары тағайындалды

«Әділет» партиясында төраға орынбасарларының міндеттері бөлініп, басшылық құрамы толықты. Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары қызметіне тағайындалды.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Асхат Оралов партиядағы бақылау, талдау және қызметті бағалау мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. Философия докторы ғылыми дәрежесі бар.

Оралов әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. Соңғы тағайындауына дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағытқа жауап береді. Оның еңбек жолы сот жүйесімен байланысты. Ол аудандық сот маманынан бастап, ҚР Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарған. Сондай-ақ VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелерін үйлестіреді. Ол Атырау мұнай және газ институтын және Ресей Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Әр жылдары Атырау облысының ішкі саясат саласында, «Атырау-Ақпарат» өңірлік медиахолдингінде және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтер атқарған.

Бұған дейін партия төрағасының орынбасарлары болып Әлия Адамбаева – коммуникация, Ержан Жылқыбаев – идеология және Қаныш Төлеушин – цифрландыру бағыттары бойынша тағайындалған болатын.