Қылмыс

The Finiko қаржы пирамидасының басшысы Түркиядан Қазақстанға қайтарылды

The Finiko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Әйел 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, The Finiko компаниясы нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Бұрын тартылған салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Осылайша жүйе табыс әкеліп жатқандай көрініс қалыптасып, жаңа салымшыларды тартуға мүмкіндік берген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктінің әрекеті нәтижесінде қаржы пирамидасына салымшылардан 160 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Сонымен қатар сотқа дейінгі тәркілеу аясында оның құны 221 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекет кірісіне өткізілген.

The Finiko бұған дейін де Қазақстанда құқық қорғау органдарының назарына іліккен. 2021 жылдың шілдесінде компанияның қызметі қаржы пирамидасының белгілеріне ие екені анықталып, қылмыстық іс қозғалған. Сол кезде компания азаматтарға салған қаражатына ай сайын 150%-ға дейін сыйақы алуға уәде бергені хабарланған. 

Іс бойынша бұған дейін үш адам сотталған. Оларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүліктері тәркіленген. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.