Жаңалықтар

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережені бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппаратына қатысты ережелерді бекітті. Құжатта төраға орынбасарының өкілеттігі мен аппараттың міндеттері нақтыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің Аппаратына қатысты кейбір мәселелер және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.

Жарлықпен Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережелер бекітіліп, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының өкілеттік аясы айқындалды.

Төраға орынбасарының міндетіне Қауіпсіздік кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің, оның ішінде жедел кеңестерде қабылданған шешімдердің сөзсіз әрі толық орындалуын бақылауды ұйымдастыру кіреді. Сонымен бірге ол ұлттық қауіпсіздік, елдің қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіп салаларындағы іс-шараларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.

Оның құзыретіне ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ азаматтық қорғау мәселелері де енгізілді.

Бұдан бөлек, төраға орынбасары аталған шараларды іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, халықаралық өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Ол сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі Аппаратының қызметін де үйлестіреді.

Қауіпсіздік кеңесі Аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде Мемлекет басшысына тікелей бағынады және есеп береді. Оның қызметі ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейтуге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен оның төрағасының шешімдерін орындауға бағытталған.

«Аталған міндеттерді іске асыру Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін және конституциялық құрылым негіздерін қорғауды күшейтуге бағытталған», — делінген Ақорда хабарламасында.