Жаңалықтар

Тоқаев қазан айында Жолдау жариялайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде мәлімдеді, деп Newsroom.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап  хабарлайды.

Президенттің айтуынша, алдағы Жолдауда Қазақстанның келешек кезеңге арналған негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалады.

«Қазан айында Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдау арнаймын. Онда алдағы кезеңге арналған мақсаттар мен міндеттерді айқындаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Құрылтай сайлауы өтіп, оның депутаттық құрамы жаңарды. Вице-президент тағайындалып, Үкіметтің жаңартылған құрамы жұмысын бастады. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің аппараты құрылды.

Алдағы уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Сонымен қатар Құрылтай депутаттарымен келісу арқылы Конституциялық соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалмақ.

Президент өз сөзінде спортты дамыту мен адами капиталды нығайту мәселелеріне де тоқталды. Cоңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынған. Сонымен қатар бірқатар спорт нысаны жөндеуден өткен. Спорт мектептерінің әр тәрбиеленушісіне бөлінетін қаржы көлемі екі есеге жуық артып, 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін жеткен. Өткен жылы 220 мыңнан астам бала мемлекет есебінен спорт секцияларына тегін барған. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінген. Мемлекет басшысы дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатын азаматтардың саны 8 миллионнан асқанын айтты. Бұл – ел халқының шамамен жартысы.

«Дегенмен бұл тоқмейілсуге себеп болмауы керек», – деді Президент.

Қазан айында жарияланатын Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қатысты жаңа мақсаттар мен міндеттер айқындалмақ.