Аймақтар

«Бассейннің жанында намаз оқыды»: желіде демалыс орнындағы жағдай талқыға түсті

Әлеуметтік желіде демалыс орындарының бірінде болған жағдай қызу талқыға түсті. Автордың айтуынша, өзін халал демалыс орны ретінде таныстыратын нысанда кешкі намаз кезінде бір топ ер адам бассейннің дәл жанында намаз оқыған.
 

Жазба авторы демалыс орнына кәдімгі шомылу киімімен барғанын, бассейн маңында музыка ойнап тұрғанын және басқа әйелдердің де купальникпен жүргенін айтады.

«Бір кезде кешкі намаз уақытында бір топ сақалды ер адам тура бассейннің түбінде намаздарын оқыды. Шок болдым. Енді бармаймын», – деп жазды ол.

Автор бұл жағдайға діни тұрғыдан қарсылығы жоқ екенін, алайда демалыс орны өзін халал нысан ретінде көрсетсе, келушілерге намаз оқитын арнайы орын қарастырылуы керек деген пікір білдірді.

«Халал жер болса, намазханаға бармай ма?» деген сауал қойып, жағдайды «көрсетілім үшін жасалған әрекет» деп бағалаған.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіруінше, жұма намазы мешіттер мен арнайы намазханаларда оқылуы керек. Ал күнделікті бес уақыт намазға қатысты ҚМДБ-ның ресми материалдарында тазалық пен намаз оқылатын орынның талаптарына мән берілетіні көрсетілген. 

Аталған демалыс орнының нақты атауы мен әкімшілігінің бұл жағдайға қатысты түсініктемесі әзірге белгісіз.