Депутаттар жанармай сапасын бақылауды күшейтуді ұсынды
Қазақстанда бензин сапасына қатысты жүргізушілердің шағымдары көбейген тұста депутаттар Үкіметке жанармай сапасын бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Бұған дейін көлік иелері АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақаулар пайда болғанын айтып шағымданған. Атап айтқанда, қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істемеуі, қуаттың төмендеуі және отын жүйесіне қатысты мәселелер тіркелгені айтылды. Энергетика министрлігі осы шағымдардан кейін жанармай сапасын тексеруді бастаған
Сонымен қатар, 2026 жылғы бақылау сатып алулары кезінде жанармай сапасына қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған. Комитет 22 сынама алып, оның үшеуінен талапқа сәйкессіздік тапқан.
Алматыда АИ-100 бензинінің октан саны 99 болып, күкірт мөлшері рұқсат етілген нормадан 3,3 есе жоғары болған. Қызылорда облысында АИ-95 ретінде сатылған бензиннің октан саны 92 болып шыққан. Жетісу облысында АИ-92 бензиніндегі күкірт мөлшері де нормадан жоғары болған.
Осыған байланысты ОСДП фракциясы Үкіметке алты ұсыныс жолдады.
- АЗС мен мұнай базаларында алдын ала ескертусіз сынама алуды
- Тұрақты бақылау сатып алуларын жүргізуді
- отынның өндірушіден бастап нақты жанармай бекетіне дейінгі қозғалысын цифрлық бақылау жүйесін енгізуді
- Әр партияға QR-код енгізуді
- Тұтынушыға жанармайдың шығу тегі мен зертханалық тексеру нәтижесін сатып алғанға дейін көруге мүмкіндік беруді
- сапасыз отын сатылған жағдайда тек соңғы сатушыны емес, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тарапты жауапқа тартуды
Сондай-ақ сапасыз мұнай өнімдерін айналымнан міндетті түрде алып қою, тексеру нәтижелері жарияланатын ашық мемлекеттік тізілім құру және көлігіне зиян келген азаматтардың шығынын өтеу механизмін жеңілдету ұсынылды.