«Мұны қалай жеуге болады?»:Астанада мектептегі ас талқыға түсті
Астанадағы Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінде оқитын балалардың ата-аналары тегін берілетін мектеп тағамының сыртқы түріне шағымданды. Әлеуметтік желіде жарияланған суреттер қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Ата-аналардың бірінің айтуынша, қызы мектептегі тегін тамақты ішкісі келмей, асханаға ақша аударуды сұраған. Бастапқыда анасы баласына тегін берілетін тамақты жеу керектігін айтқан. Алайда кейін тағамның суретін көріп, оның сыртқы түріне таңғалған.
Жазба авторының айтуынша, дәл осы асханада ақылы тамақ та сатылады. Ата-аналар ақылы тағамның сыртқы түрі тегін берілетін асқа қарағанда өзгеше екенін айтып отыр. Сондай-ақ олардың сөзінше, екі жағдайда да тамақты бір мердігер дайындайды.
Желі қолданушыларының арасында №27 мектепте оқитын балалардың басқа да ата-аналары пікір білдірген. Кейбірі балаларының тегін тамақтан бас тартып, ақылы тамаққа көшкенін жазған. Ата-аналар мәселе мәзірдегі қарапайым тағамдарда емес, олардың дайындалуы мен ұсынылуында екенін атап өткен.
Алайда Астана қаласының Білім басқармасы тағамның сапасы мен қауіпсіздігі бойынша бұзушылық анықталмағанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, оқушыларға бекітілген технологиялық карта талаптарына сай тауық етінің тартылған фаршынан дайындалған тағам ұсынылған. Арнайы құрылған бракераж комиссиясы тексеру жүргізіп, тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты талаптардың бұзылмағанын анықтаған. Сонымен қатар ата-ананың тағамның сыртқы түріне қатысты пікірі ескерілген.
Асхана қызметкерлеріне дайын тағамның сыртқы түріне, ұсынылу мәдениетіне және оқушыларға тартымды болуына қосымша көңіл бөлу тапсырылған.