Әлем

Трамп әрбір ересек америкалыққа 5 мың доллар төлеуге уәде берді

АҚШ президенті Дональд Трамп қарашадағы аралық сайлауда республикашылдар Конгресстің екі палатасында да көпшілікті сақтап қалса, әрбір кәмелетке толған америкалыққа 5 мың доллардан төлеуге уәде берді. Ол бұл төлемді «Трамп дивидендтері» деп атады, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Трамп бұл мәлімдемені Далласта өткен Республикалық партияның аралық сайлау алдындағы құрылтайында жасады. Оның айтуынша, төлем алушылар қаржыны АҚШ аумағында жұмсауы тиіс. Алайда президент қаражаттың нақты қашан және қандай тәртіппен берілетінін түсіндірмеді. 

Reuters агенттігінің есептеуінше, АҚШ-та шамамен 270 миллион ересек адам тұрады. Егер олардың әрқайсысына 5 мың доллардан төленсе, бағдарламаның жалпы құны шамамен 1,35 триллион доллар болуы мүмкін.

Мұндай төлемдерді жүзеге асыру үшін Конгресстің мақұлдауы қажет болуы мүмкін. Вице-президент Джей Ди Вэнс кейін бұл төлемдер ауқатты азаматтарға берілмеуі мүмкін екенін және оларды кедендік тарифтерден түсетін кірістер есебінен қаржыландыру нұсқасы қарастырылып жатқанын айтты. Алайда қазіргі тарифтік түсімдер мұндай көлемдегі төлемді толық жабуға жеткіліксіз болуы мүмкін. 

Қарашадағы АҚШ аралық сайлауы 3 қарашада өтеді. Онда Өкілдер палатасы мен Сенаттағы орындар үшін күрес жүреді.