«Қонақүйге ақша жоқ»: қазақстандық студенттер АҚШ-та қиын жағдайға тап болды
АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен барған 200-ге жуық қазақстандық студент Лос-Анджелестегі туристік сапардың аяқ астынан тоқтатылғанына шағымданды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Студенттердің бірі әлеуметтік желіде жағдайды баяндаған. Оның айтуынша, жастар тур үшін 1100 доллардан төлеген. Бағдарлама аясында олар Лас-Вегас пен каньондарды аралап, кейін Сан-Францискоға баруы керек болған. Алайда сапардың бұл бөлігі тоқтатылған.
Қатысушылардың сөзінше, Лос-Анджелеске қайта келгеннен кейін де қиындықтар туындаған. Уәде етілген трансфер болмаған, ал қонақүйге орналасу кезінде мәселелер шыққан. Кейбір студенттер ұйымдастырушылар тарапынан көмек көрсетілмегенін және өз бетінше қонақүй іздеуге мәжбүр болғанын айтқан.
Студенттердің айтуынша, ұйымдастырушылар турдың не себепті тоқтатылғанын алдын ала түсіндірмеген. Қатысушылардың бір бөлігі сапарға жұмсаған ақшасының соңғы қаражаты болғанын мәлімдеген.
Жағдайға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де араласты. Ведомство ұйымдастырушылармен байланыста екенін хабарлады. МІД мәліметінше, азаматтардың басым бөлігі Қазақстанға ұшып кеткен немесе елге қайту жолында. Кейбір қатысушылар кері рейсіне дейін Лос-Анджелесте қалуы мүмкін.
Министрлік студенттердің әуе билеттерін өздері сатып алғанын және олардың қайту бағыттары әртүрлі екенін атап өтті. Сондықтан қазіргі уақытта барлық қатысушының АҚШ-тан кеткенін нақты растау мүмкін емес.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жағдайды бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда азаматтарға консулдық көмек көрсетуге дайын. Қазіргі уақытта студенттерден Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне ресми өтініш түспеген.