Әскер

Күзде 7 мыңнан астам қазақстандық Ұлттық ұлан қатарына шақырылады

Қазақстанда Ұлттық ұланның күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында 7 мыңнан астам жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады, деп хабарлайды Newsroom.kz Kazinform-ға сілтеме жасап

Алғашқы сарбаздарды әскери бөлімдерге шығарып салу рәсімі басталып кетті. Астанада 35 шақырылушы Алматыдағы №5571 әскери бөліміне аттанды. Ал Абай облысынан тағы 20 азамат елордаға келіп, №5573 әскери бөлімінде қызмет етуге жіберілді.

Алдағы апталарда өңірлердегі әскерге шақыру жұмыстары жалғасады. Әскери ант қабылдап, қажетті дайындықтан өткен сарбаздар қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттеріне кіріседі.

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қорғаумен қатар, маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетуге қатысады.

Сарбаздарға қандай мүмкіндік беріледі?

Мерзімді әскери қызметін жақсы көрсеткіштермен аяқтаған азаматтар үшін «Срочник 2.0» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында әскери қызметін өтеген азаматтар жоғары білімді тегін алуға мүмкіндік алады.

Қазіргі таңда 70-тен астам қазақстандық жоғары оқу орны әскери қызметшілерді қабылдау жөнінде меморандумға қол қойған. Жыл сайын 1 400-ден астам Ұлттық ұлан әскери қызметшісіне білім беру гранты беріледі.

Сонымен қатар мерзімді қызметтен кейін әскери мамандықты меңгерген сарбаздар Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша қызметін жалғастыра алады.

Ұлттық ұлан мәліметінше, күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті қорғауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады.

2026 жылдың алғашқы алты айында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 1,3 мыңнан астам міндет атқарған. Осы кезеңде құқық қорғау органдарына 6 мыңнан астам құқық бұзушы жеткізілген. Олардың 151-і қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

Күзгі әскерге шақыру науқаны 15 қазанға дейін жалғасады.