Астанадағы фельдшер Ұлдананың өліміне қатысты сотта жаңа дерек айтылды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта құрылыс саласының сарапшысы Вероника Лобаева жауап беріп, тұрғын үй фасадының құлауына әкелген негізгі себеп туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Сарапшының айтуынша, ғимаратты салу кезінде қолданылған конструктивтік шешім бастапқыда бес қабатқа дейінгі үйге есептелген. Алайда іс бойынша сөз болып отырған тұрғын үйдің нақты биіктігі тоғыз қабатқа жеткен.
Лобаева ғимараттың қабат саны екі есеге жуық артқанымен, құрылыс конструкциясы қажетті деңгейде күшейтілмегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, үйде қажетті армопоястар, анкеровка және арматуралық торлар болмаған. Сонымен қатар құрылыс кезінде қолданылған ерітіндінің сапасына және кірпіш қалау жұмыстарына қатысты да кемшіліктер анықталған.
Сарапшы фасадта пайда болған жарықтар бастапқы себеп емес, құрылыс конструкцияларындағы ақаулардың салдары болуы мүмкін екенін айтты.
Лобаеваның пікірінше, негізгі мәселе — ғимараттың жобалық шешімі мен нақты салынған нысанның параметрлері арасындағы сәйкессіздік. Яғни үйдің биіктігі артқанымен, оны тиісті есептеулер мен күшейту жұмыстары жүргізілмеген.
Бүгінгі сот отырысында қорғау тарапы сот-медициналық сарапшыны қосымша жауапқа шақыруды да сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Сотта айтылған сарапшы пікірі әзірге істің бір бөлігі ғана. Қайғылы оқиғаға қатысты соңғы құқықтық бағаны сот береді.
Сот отырысы жалғасып жатыр.