Қылмыс

Ақмола облысында 8 жастағы қыз анасының көз алдында қаза тапты

Ақмола облысының Макинск қаласында Mercedes көлігі 8 жастағы қызды қағып кетті. Бала алған жарақатынан ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Қайғылы оқиға 7 қыркүйек күні сағат 18:00 шамасында Московская көшесінде болған. Полицияның мәліметінше, 2018 жылы туған қыз жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. 

Ауыр жарақат алған бала медициналық мекемеге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Mercedes жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желідегі пікірлерде қайғылы жағдай болған учаскеде жаяу жүргіншілер өткелі, бағдаршам және жолдағы жасанды кедергілер жоқ екенін жазған. Бұл ақпарат әзірге полицияның ресми мәліметінде расталған жоқ. Сонымен қатар кей БАҚ оқиғаның қыздың анасының көз алдында болғанын жазды. 

Ақмола облысының полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.