Әлем

«Бишкек Арена» 60 миллион долларға салынған жоқ - Қырғызстан билігі

Қырғызстан астанасындағы «Бишкек Арена» стадионының құрылысына 386 млн доллар жұмсалған. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Оның айтуынша, бұған дейін стадион 60 млн долларға салынды деген ақпарат тараған. Бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. 60–70 млн долларлық сома жобаның бастапқы нұсқасына қатысты болған.

Алғашқы жоспар бойынша 30–35 мың көрерменге арналған қарапайым стадион салу көзделген. Кейін президент Садыр Жапаровтың тапсырмасымен жоба толық өзгертілген.

Жаңа концепция бойынша стадион қырғыздың киіз үйі үлгісінде жобаланып, оның ішіне сауда орталығы, мейрамханалар, кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары және балалар алаңдары енгізілген. Нысанның болашақта бюджетке салмақ түсірмей, табыс әкелуі көзделген. 

Жобаның жалпы құрылыс аумағы 194 248 шаршы метрді құрайды. Стадион 51 252 көрерменге есептелген. Ғимараттың диаметрі 280 метр, биіктігі 70 метр, ал кешен сегіз қабаттан тұрады. 

Алагозовтың мәліметінше, жобаға өзгеріс енгізудің себептерінің бірі — халықаралық футбол турнирлерін өткізу талаптары. Сонымен қатар стадионның құрылыс шығындары арнайы комиссия тарапынан тексерілмек.