Аймақтар

⁠Павлодарда әйел жалған анықтама арқылы жазадан құтылмақ болған

Павлодар облысында мас күйінде жол апатын жасаған әйел әкімшілік қамақтан құтылу үшін жүктілігі туралы жалған медициналық анықтама пайдаланған.Бұл туралы Newsroom.kz Павлодар облысының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлады. 

Прокуратура мәліметінше, әйелдің көлік басқару құқығы болмаған. Соған қарамастан ол алкогольдік мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған.

Істі сот қараған кезде жүктілік туралы медициналық анықтама ұсынылған. Осы құжаттың негізінде әйелге тағайындалуы мүмкін әкімшілік қамақ жазасы айыппұлға ауыстырылған.

Алайда кейін прокуратура құжаттың түпнұсқалығына күмән келтіріп, тексеру жүргізген. Нәтижесінде анықтаманың жалған екені анықталды. Прокуратураның апелляциялық өтінішінен кейін облыстық соттың апелляциялық алқасы жазаны қайта қарап, әйелді 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды. 

Іс барысында жалған құжатты рәсімдеуге қатысы бар тұлға да анықталған. Ақсу қаласының мамандандырылған ауданаралық соты полиция бөлімінің қызметкерін пара алу және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау бойынша кінәлі деп таныды. Оған 6,6 млн теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте және өзге де лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар оның арнайы атағынан айырылып, пара сомасы мемлекет кірісіне тәркіленді. Прокуратураның ресми мәліметінде бұл сот үкімі әзірге заңды күшіне енбегені көрсетілген.

Оқиғадан кейін прокуратура медициналық құжаттардың қалай рәсімделіп, берілгенін тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша бес лауазымды тұлға, оның ішінде екі басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Бұдан бөлек, медициналық ұйымдарда құжаттарды рәсімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтілді. Электронды құжаттарды өзгерту мүмкіндігі де жойылған.