Жаңалықтар

Қазақстандықтар Қытайда өз жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе ала ма?

Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісімге келді. Бұл екі ел азаматтарының көлікпен қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Келісім 7 қыркүйекте Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Бейжіңге жұмыс сапары барысында Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен кездесуі кезінде қол жеткізілген.

Қазақстан ІІМ мәліметінше, тараптар ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара мойындау және айырбастау мәселесін талқылаған. Бұл азаматтарға тиісті рәсімдерді жеңілдетіп, екі ел арасындағы сапарларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Бұған дейін Қазақстан ІІМ жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім жобасын әзірлеген болатын. Жобаға сәйкес, екі ел азаматтарына жарамды ұлттық жүргізуші куәліктерін басқа мемлекеттің аумағында пайдалану және белгіленген талаптарға сәйкес айырбастау мүмкіндігі қарастырылған. 

Яғни қазақстандық жүргізушілер үшін Қытайға сапар кезінде құжат рәсімдеу тәртібі жеңілдеуі мүмкін. Алайда келісімнің нақты қашан күшіне енетіні және жүргізуші куәлігін айырбастау тәртібінің барлық талаптары қосымша нақтылануы қажет.

Кездесу барысында тараптар көлік жүргізушілерінің құжаттарынан бөлек, қауіпсіздік мәселелерін де талқылады.

Қазақстан мен Қытай Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы «Қорғас» аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі келісімге де қол қойды. Құжат екі елдің құзырлы органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін белгілейді. 

ІІМ мәліметінше, бұл тетіктер құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және «Қорғас» аумағындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа келісімдер екі ел азаматтарының өзара сапарларын жеңілдетуге және шекара маңындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.