Аймақтар

⁠Пәтер уәде етілді, бірақ үй салынбаған: Қостанайда ондаған отбасы алданды

Қостанайда тұрғын үй құрылысына ақша салған ондаған адам алаяқтықтың құрбаны болды. Құрылыс компаниясының басшысы қажетті рұқсатсыз азаматтардан 123 млн теңгеден астам қаражат жинаған.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Сот анықтағандай, компания басшысы екі жарым жыл бойы азаматтармен пәтер сатып алу туралы келісімдер жасасқан. Алайда оның үлестік құрылысқа қаражат тартуға қажетті рұқсаты болмаған.

2022 жылғы сәуірден 2024 жылғы қарашаға дейін ол тұрғындардан 123 млн теңгеден астам ақша жинаған. Тергеу мәліметінше, күдікті құрылыс нысанын аяқтай алмайтынын біле тұра, азаматтардан қаражат қабылдауды жалғастырған.

Нәтижесінде ондаған отбасы уәде етілген баспанасыз және салған ақшасыз қалған. Прокуратураның араласуымен сот процесі барысында жәбірленушілерге қаражат толық қайтарылды. (Kazlenta⁠)

Сот компания басшысын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар бес жыл бойы құрылыс ұйымдарында басшылық қызмет атқаруына тыйым салынды.

Прокуратура азаматтарды тұрғын үй құрылысына ақша салмас бұрын құрылыс салушы компанияның рұқсат құжаттарын және жобаның заңдылығын мұқият тексеруге шақырды.