Amazon ұшағы әуежайда апатқа ұшырады: бес адам қаза тапты
АҚШ-тың Майами халықаралық әуежайында Amazon үшін жұмыс істейтін жүк ұшағы апатқа ұшырап, кемінде бес адам қаза тапты. Тағы бес адам жарақат алған, олардың үшеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Оқиға 6 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00 шамасында болған. Boeing 767-300 жүк ұшағы Пуэрто-Рикодағы Сан-Хуан қаласынан Майамиге ұшып келіп, қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кеткен.
Ұшақ бірнеше көлікпен соқтығысып, кейін өртенген. Құтқарушылар зардап шеккендердің кейбірін көліктердің ішінен шығарған. Оқиға орнына 60-тан астам өрт сөндіру және құтқару бөлімшесі, 200-ге жуық маман жұмылдырылды.
Апаттан кейін Майами әуежайындағы барлық ұшу-қону жолағы уақытша жабылып, рейстер тоқтатылды. Кейін әуежай жұмысы қайта жанданды, алайда ондаған рейс тоқтатылып, жүздеген рейс кешіктірілді.
Ұшақты Amazon-ның өзі емес, 21 Air компаниясы басқарған. Қазіргі таңда апаттың нақты себебі белгісіз. АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі оқиғаны тергеп жатыр.