Экология

⁠Қоқиқаздардың мекенін сақтау үшін Қорғалжын көлдеріне су жіберілді

Қорғалжын қорығындағы қоқиқаздардың мекенін сақтау үшін Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіне 40 млн текше метр су жіберілді, деп хабарлайды Newsroom.kz. Табиғатты қорғау мақсатындағы жұмыстарға «Қазсушардың» үш филиалы қатысты. 
 

Жұмыстарды «Қазсушар» РМК жүргізді. Оған Қ.Сәтбаев атындағы канал, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты. Мамандар су жіберу барысында гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, судың өтуін тұрақты бақылаған.

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан. Бұл аумақ қоқиқаздармен қатар құстардың басқа да түрлері үшін маңызды мекен саналады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, мұндай табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары Қазақстанның әр өңірінде жыл сайын жүргізіледі. Негізгі мақсат – су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Министр Нұржан Нұржигитовтың айтуынша, су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етумен қатар маңызды бағыттардың бірі.

Қазақстанда өткен жылы қабылданған жаңа Су кодексінде алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Ол өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажет судың ең төменгі деңгейін білдіреді. Құжат шағын өзендер мен көлдерді қорғау талаптарын да күшейтті. 

Министрлік су үнемдеу технологиялары мен заманауи есеп жүргізу құралдарын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы мен табиғи экожүйелердің қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауды көздеп отыр.