Кадрлар

Тоқаев Ерлан Кариннің вице-президент ретіндегі өкілетін айқындады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Кариннің вице-президент ретіндегі өкілеті мен міндеттерін белгіледі. Жарлыққа сәйкес, ол ішкі және сыртқы саясатқа қатысты стратегиялық бастамаларды әзірлеуге жауапты болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Кариннің вице-президент ретіндегі өкілетін айқындады. Жарлыққа сәйкес, жаңа қызмет иесіне ішкі және сыртқы саясат бойынша стратегиялық бастамаларды әзірлеу міндеті жүктелді.

Ерлан Карин президенттің Үкіметпен, Құрылтаймен, өзге де мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасындағы өкілі ретінде әрекет етеді.

Сонымен бірге ол мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық іс-шараларға қатысады және КИСИ жұмысын үйлестіреді. Оған қоса, мемлекеттік наградалар, мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік сыйлықтар және азаматтық мәселелері жөніндегі комиссиялардың қызметін қамтамасыз ету жүктелді.

Құжат вице-президентке өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдарға өкімдер шығару мен тапсырмалар беру құқығын береді. Сондай-ақ ол Үкімет, Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі отырыстарына қатыса алады.

Ерлан Карин жобаларды дайындау үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құра алады, сондай-ақ мемлекеттік органдардан кез келген құжаттар мен материалдарды сұратып, алуға құқылы. Жарлыққа қол қойылған сәттен бастап күшіне енді.