Кадрлар

Тоқаев Қазақстан вице-президентінің өкілеттігін бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттігі туралы» жарлыққа қол қойды. Құжатта вице-президенттің негізгі міндеттері мен жұмыс тәртібі нақтыланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттігі туралы» жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, вице-президент ішкі және сыртқы саясат саласында стратегиялық бастамалар әзірлеп, оларды Президентке ұсынады. Сондай-ақ ол Президенттің тапсырмасымен Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен әрі халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді.

Жарлықта вице-президенттің халықаралық іс-шараларға Президенттің тапсырмасымен қатысатыны, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығын басқаратыны және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметін үйлестіретіні көрсетілген.

Сонымен бірге ол мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, мемлекеттік рәміздер мен геральдика, шетелде кадр даярлау, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық, сондай-ақ жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысын қамтамасыз етеді.

Вице-президент өз құзыретіне қатысты орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма бере алады, Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Президент жанындағы кеңесші-кеңестік органдар отырыстарына қатыса алады. Ол сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға және ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

Жарлыққа сәйкес, вице-президент қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де тұрғыда қамтамасыз ету Президент Әкімшілігіне жүктелді. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Қазір Қазақстанның вице-президенті — Ерлан Карин.