«Заң мен тәртіп»: Қызылордада мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында футбол турнирі өтті
Қызылордада «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға арналған шағын футболдан облыстық турнир ұйымдастырылды. Спорттық додада мемлекеттік мекемелер, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар және жастар ұйымдарының өкілдерінен құралған сегіз команда бақ сынады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды
Жарыс «Адалдық өзіңнен басталады» тақырыбымен «Евразия» спорт кешенінде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамда адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру және бұқаралық спортты қолдау.
Турнирдің ашылу салтанатына Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Ол «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң талаптарын сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, қоғамның әрбір мүшесіне ортақ жауапкершілік.
Шараға ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Алмас Өтешов те қатысты. Ол қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, спорттың тәртіп пен табандылықты қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Турнирге мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және «Жастар Рухы» жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалы атынан барлығы сегіз команда қатысты.

Жарыс нәтижесінде «Барыс» командасы бірінші орынға ие болды. «Нұр» командасы екінші, ал «Жастар Рухы» командасы үшінші орын алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы марапаттар табысталды.