Кадрлар

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы әкімі қызметінен босатылды

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы әкімі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады, ал жаңа әкімді тағайындауға келісім беру үшін 4 қыркүйекте Қонаевта мәслихат депутаттары жиналады.

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы әкімі қызметінен босатылды. Бұл жөнінде Ақорда хабарламасында айтылды.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды», — делінген ресми мәлімдемеде.

Бұған дейін 4 қыркүйекте Қонаев қаласында Алматы облысы мәслихатының депутаттары жиналатыны белгілі болған. Жиында өңірдің жаңа әкіміне келісім беру мәселесі қаралады.

Марат Сұлтанғазиев 2022 жылғы 11 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалған еді.

Ол еңбек жолын Алматы қаласының Әуезов ауданында салық инспекторы болып бастаған. 2010 жылға дейін Алматының салық департаментінде әртүрлі қызметтер атқарып, кейін Қаржы министрлігінде салық және кеден заңнамасы, табыс көздерін талдау мен болжау мәселелері жөніндегі департаментті басқарды.

2012 жылы Президент Әкімшілігіндегі әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөліміне ауысты. 2014 жылы Алматы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды. 2018 жылдың қазан айында Мемлекеттік кірістер комитетін басқарса, 2021 жылы қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалған.