Қылмыс

Қостанайда заңсыз несие бергендер 579 млн теңгеден астам табыс тапқан

Қостанайда мүлік кепілімен микрозайм беріп, қызметін комиссиондық сауда ретінде жасырып келген екі адамға сот үкімі шықты. Олардың заңсыз кірісі 579 млн теңгеден асты.

Қостанайда мүлік кепілімен заңсыз микрозайм берген екі жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар өз әрекетін комиссиондық сауда түрінде жасырып келген.

Соттың мәліметінше, 2024 жылғы қаңтардан 2025 жылғы желтоқсанға дейін олар адамдарға қарызға ақша беріп отырған. Айыпталушылар жалған мәмілелер жасап, жалған құжат айналымын қолданған.

Осы кезеңде олар 1600-ден астам клиентке зергерлік бұйымдарды сақтау және сату қызметін көрсеткен. Заңсыз табыс сомасы 579 млн теңгеден асты.

Сонымен қатар, айыпталушылардың бірі ақшаның шыққан көзін жасырып, қосымша кіріс алу үшін қаражатты депозиттік шоттарға салған. Соның нәтижесінде ол пайыз түрінде 534 мың теңге алған.

«Жаза тағайындау кезінде сот кінәні ішінара мойындауды және шын жүректен өкінуді ескерді», – делінген хабарламада.

Сот ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалғанын таныды. Айыпталушылардың бірінің асырауында мүгедектігі бар бала, екіншісінің асырауында жас бала бар.

Екеуі де 2 және 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға 7 жыл бойы кәсіпкерлік және микрофинанстық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.