Аймақтар

«Қара алтынның» 40 жылдық тарихы: Құмкөл Қызылорда экономикасының тірегіне қалай айналды

Қызылорда облысында Құмкөл кен орнының өнеркәсіптік игеріле бастағанына 40 жыл толды. Осы уақыт ішінде кеніш өңірдің мұнай-газ саласының қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың дамуына да серпін берді.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Қызылорда облысында Мұнайшылар күніне орай «Құмкөл: Қара алтын шежіресі» атты салтанатты шара өтті. Жиын Құмкөл кен орнының өнеркәсіптік игерілуінің 40 жылдығына арналды. Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, мұнай-газ саласының аймақ экономикасындағы рөліне тоқталды.

Өңір басшысының айтуынша, Қызылорда облысының экономикалық әлеуетін арттыруда мұнай компаниялары мен осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі айрықша. Құмкөлдің игерілуі облыстың мұнайлы өңір ретінде қалыптасуына негіз болған маңызды кезеңдердің бірі саналады.

Кен орнын игеру туралы шешім осыдан төрт онжылдық бұрын қабылданған. Содан бері Құмкөл өңірдегі негізгі өндірістік нысандардың біріне айналып, бірнеше буын мұнайшының кәсіби жолымен байланысты болды.

Мерейтойлық шараға саладағы ірі компаниялардың басшылары да қатысты. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «CNPC Central Asia» және «CNPC Kazakhstan» компанияларының бас директоры Ян Миньюй, сондай-ақ «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты жиында мұнай-газ саласының дамуына үлес қосқан мамандардың еңбегі де ескерусіз қалмады. Өндірістегі жоғары жетістіктері мен салаға сіңірген еңбегі үшін бірқатар қызметкер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, сондай-ақ Құмкөлдің 40 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Мұнай өндірісінің дамуы өңірдегі әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына да әсер етіп отыр. Компаниялардың қолдауымен білім, мәдениет және әлеуметтік бағыттағы нысандар салынған. Мәселен, «ҚазГермұнайдың» демеушілігімен «Оқушылар сарайы» бой көтерсе, «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен музыкалық колледж ғимараты мен жатақхана салынды.

Ал «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жыл сайын қайырымдылық жобаларына 150 млн теңгеден астам қаражат бағыттайды.

Қызылорда облысы алдағы уақытта да мұнай ресурстарын зерттеуді жалғастырмақ. Жаңа кен орындарын анықтау мақсатында өңірдегі шөгінді бассейндерге геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.

Арал шөгінді бассейніндегі жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанында аяқталған. Зерттеу нәтижесінде шамамен 1,1 млрд тонна көмірсутек қоры анықталған. Ал Сырдария шөгінді бассейнін зерделеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар «СаутсОйл» компаниясы тақтатас мұнайын дәстүрлі емес әдіспен өндіруге дайындық жұмыстарын бастаған.

Осылайша, Құмкөлдің 40 жылдық тарихы – тек мұнай өндіру көрсеткіштерімен шектелмейді. Кеніштің игерілуі Қызылорда облысының өндірістік әлеуетінің артуына, жаңа әлеуметтік нысандардың салынуына және аймақтың мұнайлы өңір ретінде қалыптасуына ықпал етті.