Аймақтар

⁠Шахтинскіде газ баллонын жармақ болған ер адам ұсталды

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында мас күйіндегі 33 жастағы ер адам көпқабатты үйдегі пәтерінде газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан. Қауіпсіздік үшін тұрғындар эвакуацияланды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Оқиға 2 қыркүйек күні К. Маркс көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Полицияға хабарлама шамамен сағат 20:40-та түскен. Алғашқы ақпарат пәтерлердің бірінде тыныштықтың бұзылғаны туралы болған.

Оқиға орнына полицейлер келген кезде пәтердегі 33 жастағы ер адамның газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытып отырғаны анықталған. Ол пәтердің есігін іштен жауып, баррикада жасаған.

Ықтимал жарылыс қаупіне байланысты полицейлер подъездегі 35 тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер де келіп, төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел әрекет етуге дайын тұрған.

Полиция қызметкерлері ер адаммен түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін ол пәтердің есігін ашқан. Ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Пәтерді тексеру кезінде газдың иісі анықталмаған.

33 жастағы тұрғынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Тергеу және іс жүргізу кезеңінде ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.