Жаңалықтар

Қазақстан Қырғызстанға мұнай жеткізудің жаңа дәлізін іске қосты

Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға мұнай жеткізудің жаңа бағыты іске қосылды. Алғашқы мұнай партиясы 15 тамызда жөнелтілген. Ал тамыз айының қорытындысы бойынша Қырғызстанға транзиттелген мұнай көлемі 35 мың тоннаны құрады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Жаңа бағытты «ҚазТрансОйл» жүзеге асырып отыр. Мұнай магистральдық құбыр жүйесі арқылы «Шағыр» мұнай құю пунктіне дейін тасымалданады.

Одан кейін шикізат теміржол цистерналарына тиеліп, Қырғызстанға әрі қарай жеткізіледі. Яғни мұнай Қазақстан аумағында құбыр көлігінен теміржол көлігіне ауыстырылады. 

Компанияның мәліметінше, жаңа транзиттік бағыт Қазақстан арқылы мұнай тасымалдаудың тағы бір мүмкіндігін ашып, «ҚазТрансОйл» көрсететін транзиттік қызметтердің қатарын кеңейтеді. 

Айта кетейік, «Шағыр» пункті бұған дейін де мұнайды теміржол цистерналарына тиеу үшін пайдаланылған. Компанияның жылдық есебінде бұл нысанда мұнай құю қызметі көрсетілетіні атап өтілген.