Аймақтар

Екібастұз ГРЭС-2-де не өзгеріп жатыр?

Екібастұз ГРЭС-2 үшінші және төртінші энергоблоктарды салуға байланысты қаржылық және келісімшарттық өзгерістерді дайындап жатыр. Станция 65 млрд теңге тарту үшін қамтамасыз етілмеген облигациялар шығармақ. Бұл туралы Newsroom.kz Қазақстан қор биржасына сілтеме жасап хабарлайды.

Станцияның директорлар кеңесі номиналды құны 1 мың теңге болатын 65 млн облигация шығаруды мақұлдады. Бағалы қағаздарды Қазақстан қор биржасына (KASE) орналастыру жоспарланып отыр.

Компания облигациялардың сыйақы мөлшерлемесін, айналым мерзімін және әлеуетті сатып алушыларын әзірге жариялаған жоқ. Жаңа шығарылым жалпы көлемі 940 млрд теңгеге дейінгі облигациялық бағдарлама аясында жүзеге асады.

Сонымен қатар акционерлер №4 энергоблок бойынша жеке тарифті және электр қуатын өндіруге дайын болғаны үшін төленетін келісімшарттың ең жоғары құнын арттыру мәселесін қарайды. Алайда нақты тариф пен келісімшарттың шекті сомасы коммерциялық құпия ретінде көрсетілген.

29 қыркүйекте акционерлер №3 және №4 энергоблоктарды жобалау және салу жөніндегі келісімшартқа қосымша келісімді де қарамақ. Жобаның мердігерлері – KBI Energy Group, «Стройиндустрия» және «Энерго Спец Строй». Келісімге қандай өзгерістер енгізілетіні және жұмыстардың құны әзірге ашық жарияланған жоқ.

Жоба аясында әрқайсысының қуаты 540 МВт болатын екі жаңа энергоблок салу жоспарланған. Үшінші энергоблокты 2028 жылы, төртіншісін 2030 жылы іске қосу көзделген. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда станцияның жалпы қуаты 2080 МВт-қа дейін жетеді.

Қазір Екібастұз ГРЭС-2 құрамында жалпы қуаты 1000 МВт болатын екі энергоблок жұмыс істейді. Бірінші энергоблок 1990 жылы, екіншісі 1993 жылы іске қосылған.

Айта кетейік, Екібастұз ГРЭС-2 толықтай мемлекетке тиесілі. Акциялардың 50%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, қалған 50%-ы оның еншілес компаниясы «Самұрық-Энергоға» тиесілі.