Sportroom

Қазақстан қоржыны тағы 12 алтынмен толықты

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы үшінші жарыс күнін жоғары нәтижемен аяқтады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Спортшылар бір күнде 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

Үшінші күнгі жарыстарда қазақстандықтар аударыспақ, құсбегілік, самбо, қырғыз күресі, қол күресі және арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен жүлдеге ілікті.

Аударыспақтан 100 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы әрі Көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет чемпион атанды. 90 келіге дейінгі салмақта Дарын Өткелбай да алтын жүлдеге қол жеткізді.

Құсбегіліктен де Қазақстан құрамасының қоржыны бірнеше медальмен толықты. Серікболсын Жалғасұлы «қаршыға» санатында алтын медаль иеленсе, Арман Қошқаров пен Бақдәулет Бабажан күміс, Ерлан Кенжетаев қола жүлде алды. 

Сонымен қатар қазақстандық спортшылар самбо, қырғыз күресі, қол күресі және арқан тартыстан жүлдеге ие болды. Қол күресінен ұлттық құрама бірден жеті алтын медаль жеңіп алды. 

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 113 елінен 3 мың спортшы қатысып жатыр. Жарыстар 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтуде.